Болашаққа есік ашқан политех!

Колледжде оқу – артықшылық,
еңбек ету – абырой!

«Дүниенің кілті – оқу-білімде» деген ата сөзін ұстанған, табиғатынан жаны білуге, үйренуге құмар біз дана халықпыз. Менде осы мақсатта  Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылы №9 мектептің 9 сыныбын бітіріп, қолыма аттестатымды алып Алматыға білім іздеп жол тарттым. 2004 жылы Арманымды Алматының үздік колледждерінің бірі болып табылған Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінде жалғастырдым. Колледжді үздік тамамдап, алған білімімді «ТУРАН» университетінде жалғастыра отырып, өз колледжімде лабарант қызметінен еңбек жолымды бастадым. Жоғарғы оқу орнын бітіріп дипломды қолыма алған соң аталмыш колледжде «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөліміне оқытушы болып қабылданып, 2013 жылдан бастап колледжде «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келемін.

Мен мақаламды өзімнен бастауымның себебі, мектептен кейін оқу орнын таңдау оңай емес, бірақ біздің колледжге оқуға түссеңіз, қажетті білімді ала отырып,  мықты да беделді нарық талабына сай маман болып шығатыны даусыз.

Менің қиялыма қанат бітіріп, армандарымның орындалуына көмектескен оқу орны туралы қанша жазсам да артықтық етпейді.

Колледж тарихын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады

  • 1940-1996 ж Алматы кинотехникумы, Алматы машина жасау техникумы;
  • 1996-2019 Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі.

Тарихы да, тәжірибесі де бай білім шаңырағы жарты ғасырдан астам уақыт бойы кәсіби сапалы мамандар даярлау ісімен айналысып келе жатыр. Жылдармен жаңаланып, ақпараттар ағынына ілесіп, заман талабынан көрініп жүрген Алматыдағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірегейі – АМПК.

Колледж ұжымы заманауи үдерістерге үн қосып, республика деңгейіндегі жобаларды оқу процесіне енгізу арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз етіп, рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударып келеді. Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген кемел мінезді, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын адам тәрбиелеу – қазіргі қоғамның басты қажеттілігі.

«Ұйымдаса білген – ұтады» деген халқымыздың сөзіне ден қойсақ, жұмысы жүйелі жоспарланған, алар межесі анық айқындалған жерде жеңіс те, жеміс те болатынын бағамдаймыз. Сондықтан білім саласындағы атқарылуға тиісті түрлі іс-шараларды жүйелеп, зерделей отыра жүргізсек, әлі де талай биіктерді бағындыратынымыз анық. 

Бүгінде білім мен біліктілік ұшталса ғана табысқа жетуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сапалы білім берумен қатар жастардың тәжірибеден өтуіне, оқу орындарының өндірістермен байланыс орнатуына мемлекет мұқият көңіл бөлуде. Біздің коледж әкімшілігі де бұл тұрғыдан алдыңғы қатарда жұмыс жасап, оқуды өндіріспен байланыстыра отырып, ел болашағы зияткерлі тұлғаның заман талабына сай болып қана қоймай, озық дәрежеде болуына үлесін қосып келеді.

Қазіргі мен басқарып отырған «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөлімінің түлеп ұшқан білімді де, білікті жастары қаншама. Жүйріктердің жүйрігі болған менің түлектерім колледж қабырғасында жүргеннен ақ өздерінің біліктілігін көрсетіп, талай жобаларда оза шапқан. Сол студенттерімнің бірегейі Мәлік Мұқатай бүгінде «Academy of Skills» компаниясының бас директоры болып биіктерді бағындырып отырса, «WorldSkills Kazakhstan-2019» V Республикалық Нұр-Сұлтан қаласында өткен кәсіби шеберлік Чемпионатында Алматы қаласының атынан «Графикалық дизайн» құзіреттілігі бойынша қатысып «Үздік маман» номинациясы бойынша медаль және арнайы дипломмен марапатталған Жүкенов Ернұрды мақтан етеміз.

Менің болашағыма есік ашқан, бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбиелеп шығарған киелі қара шаңырақ бүгінде  80 жасқа толып отыр.

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің оқытушылар құрамын, студенттерін және барлық қызметкерлерін 80 жылдық МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІМЕН ШЫН ЖҮРЕКТЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!

Бастасова Арайлым Тлеутаевна

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөлімінің меңгерушісі, арнайы пән оқытушысы.